Алла Тағала ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы Ислам үкімдерін толығымен жеткізіп, қиямет күнге дейін Исламды қаймағы бұзылмайтындай дін етіп таңдады. Ислам – кемеліне жеткен, ешбір кемшілігі жоқ дара дін. Ханиф, яғни Жалғыз Жаратушыға құлшылық етуді бұйыратын бұл дінде ескерусіз қалған, мән берілмеген мәселе жоқ.

Алайда, әрбір мұсылман өздігінше Құранды ашып, оның ішінен қажетті үкімді таба алады ма? Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біздің күнімізге жеткен сансыз сүннет-хадистерінен жаңылмай өзіне тиісті пәтуаны шығара ала ма? Оның үстіне мұсылмандығымды өзім, ешкімнің көмегінсіз Құран және сүннет арқылы орындай аламын деу де дұрыс емес. Бұрыстығы былай тұрсын, қауіпті қателік.

Құран – шексіз білім бұлағы. Құраннан қатардағы жай мұсылман баласының бір үкім алуы мүмкін емес. Тіпті, Құранның уахи (Алла тағала тарапынан Жәбірейіл (Оған Алланың сәлемі болсын) періште арқылы пайғамбарға түсетін иләһи пәрмен) болып түскеніне куә болған сахабалар да өздігінше аяттар жайлы дербес пәтуа айтпаған. Әуелі аяттың мән-мағынасын Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сұрайтын еді.

Ал, елімізде жай кітап дүкенінен сатып алған кітапшаны бір-екі рет парақтап алып, сүннетте былай деген екен деп дүмшелік жасап жүргендер қаншама?!  Жылдар бойы ғылыммен айналысқан ғұламалар мұндайға батылы бармайды. Ал, біз әрбіріміз өздігімізше ғұламасымақ болып жүргенімізге жөн болсын!

Құран және сүннет ғылымдарының ғибратын сүзіп, маңызын ұсынуда мазхабтың орны ерекше. Мазхаб тарихы сахабаларға барып тіреледі.

Мазхабтың негізі сахабалар дәуірінен бастап қаланды. Мекке тұрғындары пәтуаны тек Абдулла бин Аббастан (Оған Алланың сәлемі болсын) сұрайтын. Хазіреті Абдулламен бірге Мекке қаласында өзге де сахабалар өмір сүрді. Алайда, олардың ешбірі Абдулланың (Оған Алланың  сәлемі болсын) бұл әрекетін қате деп сынаған жоқ, керісінше құптады.

Ал, Ирак халқы Абдулла бин Масудтың (Оған Алланың сәлемі болсын) пәтуасымен амал ететін. Бұл сахаба да ел тұрғындарына үкім шығарып, пәтуа берді.

Ал, Хижаз өлкесінің мұсылмандары Абдулла бин Омардың (Оған Алланың сәлемі болсын) пәтуасын басшылыққа алатын. Бұл жайт әз-Пайғамбарымыздан кейін халифалар дәуірінде көпшілік сахабалардың көзі тірісіндегі құбылыс. Ешбір ғалым сахаба бұл жағдайды бидғат деп бағаламаған.

Демек, мазхаб ұстану бидғат (бидғат – хасана (жақсы) және саиа (жаман) болып екіге бөлінеді) емес, керісінше мазхабтан бас тарту бидғат болып табылады.

Мәзхабтың негізінде жалғыз ғалым тұрмады. Шариғат мектебінің қалыптасуына, оның кемелдік дәрежеге жетуіне мыңдаған ғұламалар өздерінің сүбелі үлестерін қосқаны мәлім.

Табиғиндер заманында арнайы ғылыми орта құрылып ФИҚҺ (діндегі құлшылық пен қарым-қатынас мәселесін зерттейтін ғылым саласы) ғылымымен терең шұғылданатын мектептер әр елде бой көтере бастады.

 Мектеп негізін құрушы МУЖТАХИД (Құран мен сүннетті және басқа да үкім шығару құралдарын жетік меңгерген ғұлама) ғалым және оның ғұлама шәкірттері ғылыми-зерттеу жұмыстарын ауқымды алып барды. Олар шариғатты шыңдап әмбебап етуді мақсат тұтты. Фиқһты қолдану үшін шариғат негіздерін, оның теориясын жасап шықты.

Әрине, мұны жазуда Құран және сүннетке сүйенді. Осындай фиқһ мектептерінің ішінен ысылып төртеуі шықты. Ал, төрт мәзхабтың тарландары :

—         Әбу Ханифа,

—         имам Малик,

—         әш-Шафиғи,

—         Ахмад бин Ханбал

дін ғылымында теңдесі жоқ, шоқтығы биік ғұлама болды. Сонымен қатар, тақуалықта алдына жан салмайтын шынайы салих мұсылман еді.

Мәзхабпен жүру дегеніміз ғалымның жеке ойына жүгіну емес. Мұндай ой қате түсінік. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманынан бастап, осы күнге дейінгі мұсылмандардың ұстанып келе жақтан шариғаты, бір шариғат – Алланыкі, ғалымның ойы емес. Алайда, адамзат барлығы бірдей жеке-дара дін мәселесін біле бермейді. Алла расулының (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ғұламалар пайғамбарлардың мирасқоры» деген сөзі де осыны білдіреді. Ғалымдар қалың халықты өз сөздеріне бағындырмайды. Олар пайғамбардан қалған дінді дұрыс үйретушілер. Сондықтан қарапайым мұсылман ғалымның етегінен, ал ғалым мужтахидтің соңынан ілесуі қажет. Осылайша Құдіретті Алланың бірегей, дара жолында ешбір соқпаққа сүрінбей жүре алады.

Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында (хажжатул-уадағ) мұсылман қауымның алдында тұрып ұзақ сөйледі. Бұл Алла елшісінің өз үмбетіне жеткізген соңғы өсиеті еді. Сонда екі дүниенің Cұлтаны (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сендерге бір дүние қалдырып барамын, оны мықтап ұстасаңдар еш уақытта адаспайсыңдар, анық іс. Ол – Алланың кітабы мен оның пайғамбарының сүннеті», – десе, және бір хадисінде: «Ең жақсы ғасырлар: Менің ғасырым, сосын одан кейін келетіндер (ғасыры), сосын олардың соңынан келетіндер (ғасыры) жақсы», – деп айтқан екен.

Имам Әбу Ханифа (Оған Алланың сәлемі болсын) жоғарыда айтылған хадистегі жақсы ғасыр өкілі, һәм Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына шәкірт болып, ғылым үйренген. Демек, табиғин дәрежесіндегі ғалым. Ал, табиғинның мәртебесі өзге ғалымдардан әлдеқайда жоғары екендігін осы хадис айшықтап тұр. Сондықтан біз шын жүректен айтылған насихаттың мұсылман бауырларымыздың жүректерінен орын табуын тілейміз.

Алла Тағала еліміздің мұсылман жұртының ауызбіршілігі мен ынтымағын баянды еткей, әумин!

 

Н.Исенов

 ҚМДБ-ның Павлодар облысы

бойынша өкіл имамы